Өскемен қаласының әкімі тұрғындарды Жаңа жылмен құттықтап, қаланың даму жоспарлары туралы айтты

Армысыздар, Құрметті өскемендіктер!

Тағы бір жаңа жыл босағамызды аттап, есігімізді қағып тұр. Алда үлкен жоспарлар, мерекелік қарбалас. Жыл айрығында біз әдеттегідей өткенге көз салып, 365 күн көлемінде атқарған жұмыстарымызды қорытындылап өтуге міндеттіміз. Сосын әрине, Өскеменді алдағы жылда не күтіп тұр? деген үлкен сұрақ бар. Осы ретте барлығын рет-ретімен баяндап өтейін.

 Ең маңызды блок - құрылыс және қаланың өсуі, көркеюі. Алдымен осыған назар аударайық.

Үнемі айтып келемін: Өскеменнің болашағы құрылыс саласымен тікелей байланысты. Осы ретте 2023 жылы аз шаруа жасалған жоқ. Спорт шағын ауданында көз алдымызда әдемі қалашық бой көтерді. Енді 2024 жылы аталмыш ауданды абаттандыру жұмыстары басталады. Нақтырақ айтсақ, Сәтпаев-Есенберлин даңғылдары арасындағы қатынас жолдар, яғни шағын көшелер салынады. Драмтеатр артындағы жаңа тұрғын үйлер саны одан ары көбейе түседі. Бір сөзбен айтқанда - құрылыс тоқтамайды, жалғаса береді. Ол жердегі мектепті де аяқтадық. Бұйырса, күзде-қыркүйекте алғашқы қоңырау соғылмақ.

Коммуналдық инфрақұрылым жағына келер болсақ, алдағы жылға ірі жобалар жоспарланған. Атап айтқанда: Соградағы очистной, яғни су тазалау қондырғыларының реконструкциясы, КШТ-дағы нөмірі екінші қазандықты үлкейту.

Сонымен қатар 2023 жылы Өскеменге екінші ТЭЦ салу жобасы республика деңгейінде мақұлданғанын да білесіздер. Өңірге газ тарту мәселесі де қаралып жатыр. Осы екі ірі жоба іске асса Өскеменнің энергетикалық қуаты тіптен арта түспек. Демек, халықтың өмір сүру сапасы да жақсарады деген сөз.

Жол инфраструктурасына келер болсақ, қала күні қарсаңында ашылған Есенберлин даңғылының соңғы участкесін ауыз толтырып айтуға болады. Біз қазір салып жатқан жолдар Үлкен сол жағалау, былайша айтқанда келешектегі Жаңа Өскеменнің ірі логистикалық қаңқасы. Есенберлиндегі  учаске 5 жыл бойы жасалған сол  қаңқаның соңғы нүктесі болатын.  Осы үлкен күре тамыр даңғылдардың арасында енді жаңа көше-жолдар, жаңа аудандар бой көтереді және көтеріліп те жатыр.

2024 жыл - бізде  Жол жылы. Әрине Өскеменде одан шет қалмайды. Жұмыстың алғашқы кезеңінде-ақ біз қаланың әр жеріндегі 25 учаскені бірден жөндеуге кіріскелі отырмыз. Нақты қай жерлер екені кейін жарияланады. Дегенмен айта кету керек, биыл да шағынаудандарға көбірек назар аударылады, яғни басымдылық беріледі.

2023 жылы Шмелев лог, Левый Берег және басқа да аудандардың бастамашыл белсенді  тобымен бірігіп жұмыс істедік. Тұрғындар ауданның кемшін тұстарын нақтылап берді, біз алдағы жылы сол мәселелерді шешуге күш саламыз. Жолдарға асфальт төсейміз.

Есенберлин даңғылы жақсы эффект берді, бірақ күн санап өсіп келе жатқан жаңа аудандарды есепке алатын болсақ, Сәтпаев-Жібек жолы қиылысына толыққанды қиылыс тораптары, яғни развязка салудың кезек күттірмейтін мәселесі туындайды. Алдағы жылы құрылыстың алғашқы кезеңіне кірісеміз. Фрешмаркет гастрономының тұсына жол үсті жаяу-өткелін саламыз.

Ертіс көпірінің Бәйтерек жағының алды да көлік кептелісін туындатып тұр. Оны қалайда шешудің амалдарын қарастырып келеміз. Көлік ағынын есептей отырып Славский мен Пермитин көшелерін көпір астымен жалғастыратын жолды бастап кеттік. Бұл жоба шеңбердегі жүктемені біршама азайтуы керек.

Бұған қоса қала ішінде тағы сегіз бірдей оң жақ бұрылыс жолдарды жоспарлап жатырмыз.

Қоғамдық мәселесіне келер болсақ, автобустардың қозғалыс жиілігін 84 процент деңгейіне жеткіздік. Облыс әкімі қолдауының арқасында келер жылдағы субсидия сұрағы шешілді. Енді автопарк иелеріне деген талап күшейе бастайды. Автобустарды жаңарту деңгейін 40 процентке жеткіздік, 2021 жылдан бері Өскеменге 101 жаңа автобус әкелінді. Автопарк иелерінің мәліметінше, 2024 жылы тағы 54 жаңа автобус қала маршрутарына шығады.

Жылдың екінші жартысында шеткері аудандарға 30 жаңа микроаатобус жүре бастайды. Жаңа үш трамвай әкелінеді.

Қалаішілік жол тазалықты ұстап тұру үшін коммуналдық қызметтер паркіне үш бірдей КДМ техникасы, бес қоқыс таситын көлік жеткізіледі. Барлық техника онлайн-бақылау жүйесі арқылы қадағаланатын болады.

Енді қаламыздың сыртқы бейнесіне кезек берсек. Биыл екі жылға созылған Металлург паркін жаңарту жұмыстарын тамамдадық. Жеңіс мемориялы жаңа кейіпке енді, ДКМ-нің айналасын самаладай жарқыраттық, Жаңа Соградағы Фасадный көшесінің ірі скверін жайнатып қойдық.

2023 жылы орталық көшелердегі үйлердің фасадын жаңартуды қолға алдық және жұмысымыздың  өскемендіктердің көңілінен шыққаны да  қуантады. Қаламыздың үйлері жарқырап тұрғаны қандай жақсы, біз осы фасад жаңарту жұмыстарын жалғастыра бермекпіз. Ең бастысы ол жұмыстарды жүйелі түрде жолға қоямыз.

Қала тарихында бірінші рет білікті архитекторлар қаламыздың бірнеше көшесіне арналған дизайн-кодтарды үйлестіріп жатыр. Бұл фасадтарды, кіре беріс топтар мен сыртқы жарнаманы біркелкі безендіруге  арналған ережелер тізімі болады. Ары қарай барлық көшелерге бірыңғай архитектуралық бет-бейне беру жоспарда.

2024 жылға Қазақстан көшесінің бойын әдемілеу бойынша пилоттық жоба әзірлеп жатырмыз. Оған Қабанбай мен Мызы көшелерінің аралығы да кіреді. Орталық универсамның алдындағы сквер жаңартылады. Әрине ол жердегі үйлердің фасадтары да жаңартылады. Осы ретте Шәкәрім көшесінің тарихи бөлігіндегі үйлер де назардан тыс қалмақ емес.

Қаланы абаттандыру жұмыстары осымен аяқталады деп отырған жоқпыз. Жылдың екінші жартысында Астана көшесінің жалғасына айналатын жағалау-парк іске қосылады. Сонымен қатар, Коменданткадағы, Протозанов, Славский көшелеріндегң  жаяу жолдар зонасы қалыпқа келтіріледі. Защитадағы стадион, Комсомол аралындағы спорттық инфраструктура жаңартылады. Сонымен қатар, "45 аптека" ауданындағы жерасты өткелдінде жөндеу жұмыстарын жоспарладық.

Тағы бір ерекше жоба туралы айта кету керек, Астана, Қашаубаев, Потанин көшелері  үшбұрышы, дейміз бе, осы тығыз үшбұрыштың ішінде ауларалық көптеген жолдар бар. Тұрғындар осы аумақтағы ішкі жолдармен көп жүреді. Бірақ жолдардың жағдайы нашар. Алдағы жылы бұл жерлер толық жаңарып абаттандырылады. Жарық тартылады, архитектуралық формалалар орнатылады. Кейін бұл тәжірибе басқа аумаққа қолданылатын болады.

Новаторов және Буров көшелері абаттандырылып жаңа сквер пайда болады, сонымен қатар Гавань ауданындағы Репин көшесіне сквер орнату жұмыстары жоспарланған.

Аулаларға кіріп-шығатын жолдарды жөндеу.

Биыл біз 113 учаскені қамтыдық. Алдағы 2024 жылы тағы жүзден артық учаскені жөндеуге қаржы бөліп отырмыз.

Сонымен бірге қаладағы ескірген үйлер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осы санатқа кірген 11 баспана бар екен. Алдағы жылы бұйырса оны да жөндейміз.

Гаваньде орналасқан Шнайдер көпіріне келер болсақ, бірден айтайын: ремонтқа арналған қаражаты бөлініп қойған, мамандар қазір көпірді жөндеп жатыр.

Барлығын қорытындылай келе енді әлеуметтік салаға тоқталайық.

Драмтеатр артына салынып жатқан мектеп туралы жаңа айтып өттім ғой. Сонымен қатар 2023 жылы президенттік бағдарлама аясында тағы үш мектептің құрылысы басталған. Олар: Есенберлин, Уәлиев көшелерінде және Бабкина мельница ауданында. Қазірдің өзінде Спорт аудында тағы бір мектептің орны дайындалып жатыр.

Ахмерліктер үшін жақсы жаңалық - алдағы жылы жаңа амбулатория салынады.

Мемлекеттік және жекеменшік балабақша құрылысы, бұрынғы балабақша ғимараттарын қайтарып алып қалпына келтіру жұмыстары арқылы қаламызда биыл тағы  мың балаға балабақша орнын ашу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.

Өскеменімізді дамыту және өркендету бойынша алдағы жылға қойылған ең негізгі жоспарларымыз осы. Жұмыла көтерген жүк жеңіл қала тұрғындарын қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуға шақырамыз. Жалпы үлкен шешімдерді қабылдау мәселесіне келгенде халық пен әкімдік арасы барынша жақын болуы керек деп ойлаймын. Біздің қаламыз - біздің ортақ үйміз және ортақ жауапкершілігіміз.

Құрметті өскемендіктер, қаламыз өсіп өркендей берсін! Бай-қуатты болыңыздар. Жаңа келер жыл құтты болсын!

Комментарии
30 декабря 2023
0