Энергетикалық қауіпсіздікке үлес: Бұқтырма гидроэнергетикалық кешені жаңғыртылып жатыр
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Бұқтырма гидроэнергетикалық кешенінің жұмысымен танысты. Сапар барысында олар станцияның өндірістік әлеуетін, энергетикалық жабдықтардың жаңғыртылу барысын және алдағы даму жоспарларын көрді.
Бұқтырма гидроэнергетикалық кешені - еліміздің энергетика саласындағы стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі. Ол Шығыс Қазақстан облысының энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде ерекше орын алады. Станция өндірілетін электр энергиясымен «Казцинк» компаниясының бірқатар кәсіпорындарын және өңірдегі елді мекендерді қамтиды.
Гидроэлектр станциясының құрылысы 1953 жылы басталып, 1960 жылдың тамызында алғашқы гидроагрегат іске қосылған. Бүгінде мұнда әрқайсысының қуаты 75 МВт болатын тоғыз гидроагрегат жұмыс істейді. Су электр станциясының белгіленген қуаты - 675 МВт. Ұзындығы 380 метр, биіктігі 90 метр болатын бөгет 8 балдық жер сілкінісіне төтеп беруге есептелген.
Кешеннің өндірістік көрсеткіштері де жоғары. 2025 жылдың қорытындысы бойынша станция 3 млрд кВт·сағат электр энергиясын өндірген. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 30 пайызға артық.
Нысанды аралау барысында жабдықтарды жаңғырту жұмыстарына да ерекше назар аударылды. Энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін арттыру мақсатында «Казцинк» компаниясы негізгі және қосалқы жабдықтарды жаңартуға 21,4 млрд теңге инвестиция салған. Жоба аясында гидроагрегаттардың жұмыс дөңгелектері мен басты күштік трансформаторлар ауыстырылып, 220 кВ кернеуге арналған жаңа элегазды тарату құрылғысы пайдалануға берілген.
Сонымен қатар гидрогенераторлар статорларының орамдарын ауыстыру жобасы жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде станцияның белгіленген қуаты 45 МВт-қа артқан. Бұл - қолданыстағы энергетикалық әлеуетті тиімді пайдалануға және электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Кешенде өндірістік процестерді цифрландыруға да басымдық беріліп келеді. 2019 жылы орнатылған заманауи цифрлық басқару пульті технологиялық параметрлерді бақылауға және гидроагрегаттардың қуатын реттеуге мүмкіндік береді. Қазір жаңа буындағы жоғары вольтты ажыратқыштарды орнату жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін автоматты бақылау және диагностикалау жүйесін енгізу, гидрогенераторларды одан әрі жаңғырту жоспарланған.
Өндірістік міндеттермен қатар, кәсіпорын экологиялық жауапкершілікке де мән береді. «Казцинк» компаниясының экологиялық бағдарламасы аясында жыл сайын өңірдегі балық шаруашылығы су айдындарына шабақ жіберіледі. Биыл Бұқтырма су қоймасына тұқы балығының 136 мыңнан астам шабағы жіберілген. Бұл су экожүйесін сақтауға және балық ресурстарын молайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Айта кетейік, бүгінде аталған гидроэнергетикалық кешенде 200-ге жуық адам еңбек етеді.

